Сіз осы сервистің көмегімен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына заңды күшiне енген сот актiлерiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беру мүмкіндігіне ие боласыз. Осы ретте Сізге өтінішхаттың жеткізілу кепілдігі беріледі, сондай-ақ тікелей «Сот кабинетінде» өтінішхатты қарау барысын қадағалап отырасыз.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 487-бабына сәйкес:
1. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі уәждері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына орай неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру мерзімдері шектелмеген.
2. Заңды күшіне енген ақтау үкімін, айыптау үкімін жазаның жеңілдігіне қарай неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша не соттың істі тоқтату туралы қаулысын сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беруге олар заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде жол беріледі.
Егер көрсетілген мерзім өткізіп алынған болса, оны қалпына келтіруге жол берілмейді. Сот қадағалау сатысында өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды алдын ала қарауды және сотталған, уақытында келіп түскен қадағалау өтінішхаты, наразылығы, ұсынуы бойынша ақталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдай отырып, істі қарауды дау туғызып отырған сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап бір жыл өтіп кеткен соң да жүзеге асыра алады.
Сот актiлерiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар мазмұнына Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 441-бабымен және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 488-бабымен талаптар қойылады.
Онлайн сервисті қалай қолдану керек?
1. «Сот кабинетінде» авторлану қажет.
2. Өтінішхаттың электрондық нысанын толтырыңыз.
3. Өтінішхатқа қажетті құжаттарды қоса тіркеңіз.
4. Оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңбамен) қол қойып жіберіңіз.
Электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптар және оны соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде қолдану қағидалары электрондық құжаттармен жұмыс істеу тәртібін айқындайды. Төменде электрондық құжатқа қойылатын бірқатар талаптар және оны беру тәртібі келтірілген:
- Құжаттар мәтіндік форматта ресімделуі тиіс (қаріп 14 TimesNewRoman, жоларалық интервал).
- Әр құжат жеке файл ретінде жүктеледі.
- Файл атауы құжатты анықтауға мүмкіндік беруі керек.
- Файлдар саны сотқа берілетін құжаттар санына сәйкес келуі керек.
- Электрондық құжаттың әрбір файлының мөлшері 20 Мегабайт аспауы тиіс.
- Электрондық құжатқа және құжаттардың көшірмелеріне рұқсат етілген форматтар: *doc, *docx, *pdf, *jpeg, *xlsx.
- Қағаз тасығыштағы құжатты сканерлеу 1:1 масштабта қара-ақ немесе сұр түсте (дюйміне 200-300 нүкте сапасы) жүргізілуі тиіс, бұл барлық деректемелер мен түпнұсқалықтың шынайы белгілерін, атап айтқанда: тұлғаның графикалық қолтаңбасын, бланктің мөрін және бұрыштық мөртабанын (бар болса) сақтауды қамтамасыз етеді. Істі қарау үшін қажет болған жағдайда құжатта түрлі-түсті графикалық кескіндер немесе түрлі- түсті мәтін болғанда толық түс беру режимінде сканерлеу жүзеге асырылады.
- салынған құжаттар оқылуы керек.
- салынған құжат атауына сәйкес келуі керек.
- салынған құжаттар мен материалдар қосымшаға сәйкес келуі тиіс. Жоғарыда аталған талаптар сақталмаған жағдайда, сот Сіздің өтінішіңізді тіркеуден бас тартады.