Сіз осы сервистің көмегімен тізімдегі сот органына сот актiсін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз беру мүмкіндігіне ие боласыз. Осы ретте Сізге арыздың жеткізілу кепілдігі беріледі, сондай-ақ тікелей «Сот кабинетінде» арызды қарау барысын қадағалап отырасыз.
Онлайн сервисті қалай қолдану керек?
1. «Сот кабинетінде» авторлану қажет.
2. Арыздың электрондық нысанын толтырыңыз.
3. Арызға қажетті құжаттарды қоса тіркеңіз.
4. Оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңбамен) қол қойып жіберіңіз.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 457-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды іске қатысқан тараптар, басқа да адамдар немесе прокурор шешім, ұйғарым немесе қаулы шығарған сотқа қайта қарау үшін негіз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап үш ай ішінде береді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 500-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша:
1) айыптау үкiмi;
2) ақтау үкiмi;
3) iстi тоқтату туралы қаулы;
4) мүлікті соттың үкіміне дейін тәркілеу туралы қаулы қайта қаралуы мүмкін.
Айыптау үкiмiн немесе мүлікті сот үкімі шығарылғанға дейін тәркілеу туралы қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша, сотталған адамның, ақталған адамның пайдасына қайта қарау ешқандай мерзiмдермен шектелмейдi.
Сотталған адамның қайтыс болуы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша ақтау мақсатында iс жүргiзудi қайта бастауға кедергi болып табылмайды.
Ақтау үкiмiн, iстi тоқтату туралы қаулыны қайта қарауға, сондай-ақ айыптау үкiмiн сотталған адамның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша қайта қарауға тек қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмдері iшiнде және жаңа мән-жайлар ашылған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей жол берiледi.
Электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптар және оны соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде қолдану қағидалары электрондық құжаттармен жұмыс істеу тәртібін айқындайды. Төменде электрондық құжатқа қойылатын бірқатар талаптар және оны беру тәртібі келтірілген:
- Құжаттар мәтіндік форматта ресімделуі тиіс (қаріп 14 TimesNewRoman, жоларалық интервал).
- Әр құжат жеке файл ретінде жүктеледі.
- Файл атауы құжатты анықтауға мүмкіндік беруі керек.
- Файлдар саны сотқа берілетін құжаттар санына сәйкес келуі керек.
- Электрондық құжаттың әрбір файлының мөлшері 20 Мегабайт аспауы тиіс.
- Электрондық құжатқа және құжаттардың көшірмелеріне рұқсат етілген форматтар: *doc, *docx, *pdf, *jpeg, *xlsx.
- Қағаз тасығыштағы құжатты сканерлеу 1:1 масштабта қара-ақ немесе сұр түсте (дюйміне 200-300 нүкте сапасы) жүргізілуі тиіс, бұл барлық деректемелер мен түпнұсқалықтың шынайы белгілерін, атап айтқанда: тұлғаның графикалық қолтаңбасын, бланктің мөрін және бұрыштық мөртабанын (бар болса) сақтауды қамтамасыз етеді. Істі қарау үшін қажет болған жағдайда құжатта түрлі-түсті графикалық кескіндер немесе түрлі- түсті мәтін болғанда толық түс беру режимінде сканерлеу жүзеге асырылады.
- салынған құжаттар оқылуы керек.
- салынған құжат атауына сәйкес келуі керек.
- салынған құжаттар мен материалдар қосымшаға сәйкес келуі тиіс. Жоғарыда аталған талаптар сақталмаған жағдайда, сот Сіздің өтінішіңізді тіркеуден бас тартады.