154-бап. Талап арызды қайтару
1. Судья талап арызды, егер:
1) талап қоюшы істердің осы санаты үшін дауды сотқа дейін алдын ала шешу заңдармен белгіленген тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса;
2) іс осы соттың соттауына жатпаса;
3) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
4) арызға оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса;
5) осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің немесе аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша iс болса;
6) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, коммуналдық мүлікті басқаруға құқылы орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы затты қабылдаған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін жылжымайтын затқа коммуналдық меншікті тану туралы өтінішпен сотқа жүгінсе;
7) бұл туралы талап қоюшы мәлімдесе, қайтарып жібереді.
2. Судья арызды қайтару туралы дәлелді ұйғарым шығарады, онда арыз берушіге, егер іс осы соттың соттауына жатпайтын болса, қандай сотқа жүгіну не істі қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жою қажет екендігін көрсетеді. Талап арызды қайтару туралы ұйғарым ол сотқа түскен күннен бастап бес күн мерзімде шығарылуға және арызға қоса тіркелген барлық құжаттармен арыз берушіге тапсырылуға және жіберілуге тиіс.
3. Егер талап қоюшы жол берілген бұзушылықты жоятын болса, арызды қайтару талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
4. Арызды қайтару туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
155-бап. Талап арызды қозғалыссыз қалдыру
1. Судья талап арыз осы Кодекстің 150-бабының талаптарына және 151-бабының 1) - 3) тармақшаларына сәйкес келмеген жағдайда арызды қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарып, бұл туралы талап арызды берген тұлғаға хабарлайды және оған кемшіліктерді түзету үшін мерзім береді.
2. Егер талап қоюшы судьяның нұсқауларына сәйкес және ол белгілеген мерзімде ұйғарымда аталған талаптарды орындаса, талап арыз оны сотқа алғашқы тапсырған күні берілген болып есептеледі. Олай болмаған жағдайда арыз берілмеген болып есептеледі және судьяның ұйғарымымен оған қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге талап қоюшыға қайтарылады.
3. Егер талап қоюшы жол берілген бұзушылықтарды жойса, арызды қайтару талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
4. Арызды қайтару туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
156-бап. Қарсы талап қою
Жауапкер бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін алғашқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы. Қарсы талап қою талап қою туралы жалпы ережелер бойынша жүргізіледі.
157-бап. Қарсы талап қоюды қабылдау шарттары
Судья қарсы талап қоюды, егер:
1) қарсы талап алғашқы талапты есепке алуға бағытталса;
2) қарсы талап қоюды қанағаттандыру алғашқы талап қоюдың толық немесе қанағаттандыру бөлігінде болдырмаса;
3) қарсы және алғашқы талап қоюлардың арасында өзара байланыс болса және оларды бірлесіп қарау дауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелсе, қабылдайды.